Облыс орталығында ауыл әкімдері форумының пленарлық отырысы өтті. Аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отырған жиында елді –мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының алда тұрған негізгі мақсат-міндеттері, ауыл әкімдерінің атқарар жұмыстары сараланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау керектігін мәлімдеген еді. Президенттің бұл бастамасы жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам. Осы ретте өңірде 2021 жылдан бері 124 ауылдық округ пен 2 ауданда әкімдердің сайлауы өтті. Халық таңдаған әкімдердің жүз он төрті «AMANAT» партиясының мүшелері. Басқосуда аудан мен ауыл халқын толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелер және оны шешу жолдары талқыланды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев ауыл әкімдеріне бірқатар тиісті тапсырмалар мен ұсыныстарын жолдап, сын ескертпелерді баса айтты. Кездесудегі маңызды тақырыптардың бірі – ауылдағы ауыз су, жарық пен жол мәселесі.

Жиында AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Шараға қала, аудан, ауыл әкімдері, мәслихат депутаттары және басқарма басшыларынан бөлек, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жұматұлы да қатысты.

Алқалы жиында ауыл әкімдері осы күнге дейін атқарылған істерге есеп беріп, алдағы уақытта ел игілігі үшін жасалынатын жұмыстарды да саралады.

Форумда ауыл әкімдері өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, облыстағы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы және ауылдың әлеуметтік саласын жандандыруға бағытталған жұмыстар басқосудың күн тәртібіне шығарылады.