Облыста ауа райының тосын мінез танытуы салдарынан бірнеше бағыттағы жолдар жабылды. Мәселен, өткен тәулікте Самар ауданында 25 көлік жолда қалып қойған. Риддерліктерді де алғашқы қар біраз әбігерге салды. Өңір тұрғындары коммуналдық мекеме жұмысына көңілдері толмайтынын әлеуметтік желіде жарыса жазды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев жол қызметтерінің табиғаттың тосын мінезіне дайын болмағанын сынға алды.
Облыс тұрғындары алғашқы қар жауған күннен ақ әбігерге түсті. Жол-көлік оқиғасы жиілеп, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай жатыр. Тұрғындар өз наразылықтарын әлеуметтік желіде білдірді. Осыған орай облыс әкімі шұғыл жиналыс өткізіп, жол тазалығына жауапты коммуналдық мекеме басшыларын қатаң сынға алды.
Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы соңғы тәулікте толассыз жауған қарды коммуналдық мекеме дер кезінде тазалап үлгермей жатқанын растады. Дегенмен, қазір жұмыс күшейтілген кестеге сәйес жүргізіліп жатқанын айтады.
Облыс әкімі Өскемендегі Ертіс өзені үстінен өтетін көпірдегі жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Көпірдің қазіргі жағдайы жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін екенін ескертті.
Риддер қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде бөлме температурасының төмендігін айтып шағымданған. Жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктелді. Аймақ басшысы жылу мәселесіне қатысты әр өтініш нараздан тыс қалмауы керек деді. Ал синоптиктердің болжамы бойынша 11-15 қараша аралығында облыс бойынша қатты жауын-шашын күтілуде. Ауа температурасы минус 15 градусқа дейін төмендейді.