Жылыту маусымындағы мәселелердің бірі – көмір тапшылығы мен оның қымбаттауы. Одан қалса, қатты отынға ұзын-сонар кезектің көбеюі. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Ал тұрғындар жағы қатты отынды жылыту маусымы басталар алдында арзан әрі кезексіз сатып алуға болатындығын білмей жатады,дейді жауапты сала мамандары. Өңірде көмір қоры жеткілікті ме? Бүгінгі хал-ахуал қандай? Әріптестерім анықтап көрді.

Биыл қараша айында «Қаражыра» АҚ Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылары үшін 85 мың тоннаға жуық көмір жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 40 мың тоннаға жуығы Өскеменге жөнелтілмек. Бұл тек бір айға есептелген қатты отынның мөлшері. Қыстың қақаған аязында халықты әбігерге салмаймыз,- дейді сала мамандары.

Қазіргі таңда Өскемен қаласы бойынша көмірді әлеуметтік бағада сататын төрт орталық бар. Онда қатты отын тоннасына 15 800 теңгеден саудаланып жатыр.

Өңірге қарасты аудандардағы жағдай да бақылауда. Жергілікті билік өкілдері қатты отын тапшылығын болдырмас үшін тұрығндар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Көмір сатылымын ұйымдастыратын арнайы орындар да әзірлеген.

Зайсан ауданында көмір өндіру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар да тапшылықтың алдын алуға бағытталған шара.

Бұдан бөлек, аймақта әлеуметтік көмірді сату жалғасуда. Қатты отынды ардагерлер, әлеуметтік осал топ өкілдері, көп балалы және аз қамтылған отбасылар төмендетілген бағамен сатып ала алады.