Өңірде ауа райының тосын мінез танытуы тұрғындарды әбігерге салды. Салдарынан облыстық, республикалық маңызы бар бірнеше тас жол жабылды. Дауылды ескерту хабарламасын елемей алыс сапарға шыққан тұрғындар, төтенше жағдайға тап болды. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында өңірдегі тәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, күре жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр.
Кешелі бері Өскемен-Самар тас жолының 63-шақырымынан бастап көлік қозғалысына шектеу қойылды. Кейбір жолаушылар ескертулерге құлақ аспай алыс жолға шығып кеткен. Тұрсынғазы Айтқалиұлы ауыр жүк көлігімен Күршімге қарай бет алған. Алайда, көлігі діттеген жеріне жете алмай жол бойында қалуға мәжбүр болған.
Тәулік бойы кезекшілікте тұрған полиция қызметкерлері шамамен 60-тан аса көлікті кері қайтарған. Олар қауіпсіздік үшін қолайсыз ауа райында жүргізушілерді алыс сапарға шықпауға шақырады.
Ал, қаладағы полиция қызметкерлері жүргізушілерге қысқы дөңгелектерді уақытылы ауыстыру қажеттігін ескертті. Көліктер қауіпті жағдай туындатып, жол-көлік оқиғаларының санын көбейтпес үшін жол сақшылары жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.
Аймақтағы тәртіп сақшылары дауылды ескерту жөніндегі хабарламаларды назардан тыс қалдырмау керектігін айтады. Сондай-ақ, қолайсыз ауа райында барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керектігін еске салды.