Ел Президенті ауылдық жерде медициналық қызметті сапалы әрі қолжетімді етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының пәрмені аймақта қарқынды іске асырылуда. Алтай ауданына қарасты Феклистовка ауылында жаңа нысан пайдалануға берілді. Мекеме заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Енді ауыл азаматтары қажетті ем-дом шараларын аудан не облыс орталығына бармай-ақ жергілікті жерден ала алады.

Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын медициналық-санитариялық көмекпен қамтамасыз ету. Сапалы қызмет көрсету көрсеткішін арттыру. Феклистовка ауылындағы ескі амбулатория 1979 жылы салынған. Жаңадан бой көтерген нысан тұрғындар игілігіне жұмыс істейтін болады. Мұнда қажеттінің бәрі бар.

Құрылыс жұмыстары шілде айында басталған. Мердігер «CEO Group» ЖШС. Серіктестік өкілдері ғимараттың сапасы үнемі бақылауда болғанын айтады. Алдағы уақытта мұнда аптасына бір рет дәрігерлік көмек көрсетіледі, дейді Серебрянск қалалық ауруханасының бас дәрігері Сәтбек Борбасов.

Келушілер ғимараттың ішін аралап, жаңа үлгідегі жабдықтармен танысты. Медицина мекемесінің қолданысқа берілгеніне ауыл тұрғындары дән риза. Облыста ұлттық жоба аясында жалпы саны 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын ашу көзделген. Қазіргі таңда 19 нысан халық игілігіне берілді.