Ел келешегін берік ететін азаматтар бүгінгі мектеп оқушылары. Ал, оларды үлкен өмірге үлгілі тұлға етіп тәрбиелеу – мұғалімдерге артылған жауапты міндет. Бұл миссияны абыроймен атқарып келе жатқан №1 Самар орта мектебі. Мектептің мемлекет болашағы болған жас ұрпаққа сапалы білім беріп келе жатқанына 60 жыл болды. Білім ордасы мерейлі жылды мол жаңалықпен бастады.

Мектеп осыдан 60 жыл бұрын дәл осы қараша айында қолданысқа берілген. Алғашқы мектеп директоры өлкеге белгілі азамат, даңқты ұстаз – Иван Шведунов. Мерейтойды атап өтудегі алғашқы шара білім ордасын тұңғыш болып басқарған педагогқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. Мектеп алдына беделді мұғалімнің алдын көрген түлектер, әріптестері жиналды.

Алпыс жыл аз уақыт емес. Осы уақытта бірнеше буын ұрпақ тарыдай болып кіріп, таудай болып шықты. Өмірдің даңғыл жолына қадам басты. Кешегі оқушы бүгінгі ел ағасы атанған аға буын «мектеп» пен «мұғалім» қадірін аса терең сезінеді. Сөзімізге дәлел Жанат Нұрпейісовадай азаматтар. 1971 жылы алғаш рет осы мектеп табалдырығын аттаған. Ондаған жыл салып бүгінде өзі білім алған мектепте білімді шәкірт тәрбиелеген білікті ұстазға айналды.

Ерекше күн ескі күннің естеліктерімен, жылы лебізбен есте қалды. Әр сыныпқа жиналған түлектер көзкөрген ұстаздары мен сыныптастарын көріп қуанды. Түлектер де құр қол келмей, мектепке деген сыйлықтарын ала келген. Қазіргі оқушылар үшін игілігі көп заманауи кабинеттің ашылуына да демеушілік етті. Ұрпақтар сабақтастығының жақсы мысалы осындай. Сабақтастық демекші, ұстаздар да игі дәстүрден жаңылған емес. Мектепке жас мамандарды тартып, жаңашылдықтарға жол ашқан. Ақмарал Бөгісова биыл ғана жас ұстаздардың қатарын толықтырды.

№1 Самар орта мектебінің білім бәсекесінде басқадан кем қалған кезі болған емес. Аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордасы. Бұл жолда оқушылардан бастап, мұғалімдерге дейінгі жандардың ерен еңбегі жатыр, дейді аудандық білім бөлімінің басшысы. Мерейтой аясында жақсы бастамаларды да көбейткен. Жаңғыруға әрқашан ұмтылады, деп тоқталды Руслана Закирьянова.

Бүгінде мектепте екі ауысымда 380-нен астам бала оқиды. 1964 жылдан бері толық жөндеу көрмеген мектепке биыл жаңарту жұмысы жүргізілген. Ұстаздар ұжымы игілікпен басталған мерейлі жылдың білім ордасы үшін берері әлі де мол деген сенімде.