"Мұз-2024" республикалық акциясы аясында облыстық ТЖД құтқарушылары еріктілермен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп 1300-ден астам профилактикалық рейд жүргізді. Өңірде жыл басынан бері мұз айдынында 4 оқыс жағдай орын алған. Осы тұста қысқы кезеңдегі су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жайлы құтқарушылар брифинг өткізді.

Төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары профилактикалық рейдтер барысында қысқы балық аулау әуесқойларына мұздағы қауіпсіздік ережелері туралы айтты. Мамандардың сөзінше қалыңдығы 10 см-ден аз мұзға шығуға тыйым салынады. Құтқарушылар мұзға шыққанда қажетті құралдарды өзімен бірге алып жүруді міндеттейді. Олардың қатарында ысқырық, құтқару жилеті, ұзындығы 12 метрден кем емес арқан бар. Бұл талаптарды ескермегендер Әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Брифингте Апаттар медицинасы орталығының мамандары мұз астына түскен адамға көмек көрсету әдістерін көрсетті. Сонымен қатар, құтқарушылар арнайы құралдарды қалай пайдалану керектігін түсіндірді. Жыл басынан бері облыста мұз астына түсіп, төрт балықшы қаза тапқан. Барлық жағдай қауіпсіздік ережелерін сақтамауға байланысты болды.

Құтқарушылар тұрғындарды мұзда жүру кезінде сақ болуға шақырып, су айдындарындағы ережелерді қатаң сақтау қажеттігін ескертті.