Қазір «интернет-алаяқтық» деген ұғымнан ат үркиді. Әлемжеліде алданып, сан соғып жатқандар көп. Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, интернет-алаяқтық жиілеп, тіпті, жаңа түрлері пайда болуда. Осыған орай, өңірде алаяқтықпен күреске бағытталған профилактикалық шаралар күшейтілді. Бұл мәселе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің ішкі істер министрлігімен өткен кеңейтілген отрырысында талқыланған болатын.

Қазіргі таңда, тәртіп сақшылары «SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі жақын арада аяқталады» деп хабарлама жолдайтындар көбейгенін айтады. Тіпті осындай уәжбен қоңырау шалатындар да бар. Бұл алаяқтықтың жаңа түрі дейді құқық қорғау органдарының өкілдері.

Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелесіне айналды. Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, қаскөйлердің арбауына түсіп, қаржысынан қағылғандар саны күн санап өсуде. Полиция департаменті өңір тұрғындарын барынша қырағы болуға шақырды.

Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер де бар. Әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады.