88 жасқа келсе де, қимылы ширақ, жүрісі тың Қазия Мусина нағыз еңбек адамы. Ол кезінде К-700 тракторын тізгіндеп, 15 жыл бойы механизатор болып жұмыс істеген. Қақаған аязда трактордың жарылған дөңгелегін ешкімнің көмегінсіз ауыстырған қайсар жан. Ол қазіргі таңда Ұлан ауданы, Тарғын ауылында тұрады. Еңбек адамының өмірі мен естеліктері жайлы арна тілшісі Кәусар Идаятқызының сюжетінде.
Қазия Мусина 1963 жылы механизаторлар курсты аяқтап, сол жылдан бастап трактор тізгіндеген. Ол ерлер арасында жалғыз әйел механизатор болған көрінеді. Жер жырту, шөп тасу, техника жөндеу сияқты жұмыстарды ер азаматтармен қатар атқарған.
Қазия Шәкерқызы – күміс алқа иегері. 3 ұл, 3 қызды дүниеге әкелген ардақты ана. Бүгінде 6 немере, 17 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Балалары да техникаға жақын.
Ауыр техниканы ұршықша иірген қарт ананың еңбекқорлығы көпке үлгі. Таяуда облыс әкімі Ермек Көшербаев Қазия Шәкерқызын ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы адал еңбегі үшін алғыс хатпен марапаттаған болатын.
Еңбек ардагері тракторшы болған жылдарын сағынышпен еске алады. Ол қиындықтарға қарамастан, жұмысты бар жан-тәнімен орындағанын мақтан тұтады. Бүгінде де трактор көрсе, бірден қай жерінде ақау бар екенін аңғарады.
Қазия апа ауыл жастарына ақыл айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның еңбегі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа үлгі, - дейді аудан әкімшілігі.
Бейнет түбі – зейнет. Маңдай терінің жемісін көрген қарттар, елдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп қуанады.