Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» жинағының тұсаукесері өтті. Авторы - тарихшы, шежіреші Құрманғали Жұмағазыұлы. Жетпістен асқан ақсақал көзбен көргенін, қариялардың құлаққа құйғанын қағазға түсірген. Бүгінде жинақ кітап болып жарыққа шықты.

Кітап авторы Құрманғали Жұмағазыұлы 1948 жылы қазан айында дүниеге келген. Өмір бойы жүргізуші болған қарапайым еңбек адамы, бүгінде зейнет демалысында. Қолы қалт босағанда қазақ халқының шежіресін түгендеп, атадан балаға мұра қалдыру жолында еңбек еткенін айтады.

Автордың бұл еңбегі тарихтан алтын шежіре, құнды мағлұмат береді. Қиын да күрделі кезеңде намыс туын жеңіс жалауына айналдырған қазақ халқының ерен ерліктері баяндалады.

Келелі шараға жиналған қонақтар, кітаптың мазмұны мен көркемдік деңгейі жоғары екенін жеткізді. Жинақ авторына жылы лебіздерін білдірді.

Кеш соңында Құрманғали Жұмағазыұлы Ұлан аудандық мәслихат төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Кітапхана қорына және қонақтарға «Аталар тарихы – ұрпаққа аманат» жинағы тарту етілді.