Күршім ауданында отыз жыл бұрын істен шыққан орталық жылу қазандығы іске қосылды. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарып келген көпқабатты үйдің тұрғындары қиыншылықтан құтылды. Ал мектеп пен балабақша және аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да енді бір орталықтан жылытылады.
Күршім ауылындағы төртінші мектеп бұған дейін электр құрылғымен жылтылып келген. Кейде жылыту жүйесінен ақау шыққанда бес жүз бала оқитын ғимарат бірден суып кететін. Оған қоса электр тарифі де қымбат. Енді бұл мәселенің бәрі шешілді.
Күршім аудан орталығы болғандықтан бұрын әлеуметтік сала мен көп қабатты үйлер орталық қазандықпен жылитын. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда оның бәрі тоқтаған. Әлеуметтік нысандар электрге немесе жеке қазандыққа көшірілген. Ал көп қабатты үйдегі әр тұрғын пәтеріне жал пеш салды.
Сексеннің сеңіріндегі-Валентина Мушанкова 30 жыл үшінші қабатқа отын тасып, күл шығарып келді. Бірақ қария биыл баспанасы орталық жылуға қайта қосылады, дегенде сенбегенін айтады.
Қараусыз қалған қазандықтарды жөндеу қарқынды жүріп жатыр.Келер жылы тұрғын үйлермен қатар бірнеше мемлекеттік мекеме орталық желіге қосылады.
Дегенмен, Күршімде орталық жылуға қосылмаған әлі 29 көпқабатты үй бар. Ол баспаналар алдағы жылдары кезең-кезеңмен қосылмақ. Ал инфрақұрылым жаңартылса әр отбасында жайлылық болады. Бұл шекарадағы аудан халқы үшін қазір ең басты мәселе.