Шығыс Қазақстанда облыс әкімдігінің отырысы өтіп, өңір үшін маңызды мәселелер талқыланды. Басты тақырыптардың бірі -фитосанитариялық қауіпсіздік мәселесі. Мамандардың болжамынша, 2025 жылы 22,4 мың гектар аумаққа аса қауіпті зиянкестер мен өсімдік ауруларының таралуы ықтимал. Оның ішінде шегіртке зиянкестері 13,9 мың гектарға залал келтіруі мүмкін.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекованың айтуынша, келесі жылы саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу аумағы 26,585 мың гектарды құрайды деп болжанып отыр. Әкімдік отырысында аймақ басшысы Ермек Көшербаев химиялық препараттардың жиі қолданылатынына назар аударып, өңделген өнімдердің сапасын бақылау қажеттігін ескертті.
Бүгінде аймақта екі фитосанитариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Майқапшағай ФББ Зайсан ауданының аумағында Қытай Халық Республикасымен, Уба Шемонаиха ауданының аумағында Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан.
Сонымен қатар, облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне, Ауыл шаруашылығы басқармасына зиянкестерге қарсы шараларды уақытылы жүргізуді тапсырды.