«Аяз ата, Ақшақар-2024» фестивалі аясындағы шаралар легі жалғасын тауып жатыр. Өскеменде сол жағалау кешенінде орналасқан Аяз ата резиденциясы ашылып, қала тұрғындарына мерекелік кеш ұйымдастырылды. Ал, орталық алаңдағы жаңа жылдық шырша шамының жағылуы – кештің қызықты сәттерінің бірі болды.

 «Аяз ата, Ақшақар-2024» республикалық фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам адам қатысты. Аяз ата мен Ақшақарлар шығыстан бөлек, Абай, Ұлытау, Жетісу, Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан келген. Үш күнге созылған фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарына қызыққа толы бағдарлама ұйымдастырылды.

Аяз Ата мен Ақшақар бастаған бұл шеруге басқа да өнерпаздар қатысып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қала тұрғындары мен қонақтары ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, түрлі қойылымдар мен өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Аяз ата резиденциясына арнайы пошта жәшіктері қойылған. Оған бүлдіршіндер түрлі тілектерін жазып, ұсыныстарын жеткізе алады.

Фестиваль кеші мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта қала тұрғындарын түрлі қызықты жаңа жылдық бағдарламлар күтіп тұр.

Биыл бас шырша ұлттық нақышта безендіріліп, ерекше сәнге бөленген. Жаңа жарық қондырғылары мен безендіру элементтері шыршаға мерекелік ажар бере түскен. Шыршаның ұлттық нақыштағы дизайны қала тұрғындарына ерекше әсер қалдырды.

Шарада қала тұрғындарына белгілі эстрада жұлдыздары, жастар мен балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Барлығы шыршаны айналып би билеп, ән шырқады. Жаңа жылдық шаралар 31 желтоқсанда орталық алаңда жалғасын табады.