Өскеменде «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін коммуникативтік технология және тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқыту» атты облыстық семинары өтті. Шараны мәдениет басқармасына қарасты Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұйымдастырды.

Облыс аумағында тоғыз тіл дамыту орталығы бар. Бұл мекемелерде 2000-нан астам азамат білім алады. Ал ондағы мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру қажет.Мемлекеттік тілді үйретуді қолға алған қызметкерлердің жұмысын оңтайландыру мақсатында көшпелі семинарлар өткізу ині дәстүрге айналған. Бұл жол өскеменде өткен қортынды жиынға аймақтағы қалалар мен аудандардағы тілдерді оқыту орталықтарының өкілдері қатысты.

Семинар барысында тіл саясатын дамыту ісіне сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Мемлекеттік тілді оқыту үрдісінде түрлі цифрлық платформаларды қолдану маңызды. Қазіргі таңда түрлі жасанды интеллект пен «AR» технологиясы арқылы жұмыс істейтін бағдарламалар көп. Олар тілді жылдам әлі жетік меңгеруге септігін тигізуде. Мәселен, «AR-studiо» платформасы арқылы сіз арнайы QR код әзірлеп, сабағыңызды қызықты әрі танымды форматта өткізе аласыз. Әзірленген QR кодта сілтеме жасырынған. Ішіне әуезді ән немесе танымды мағлұмат салуыңызға болады.

Ал ағылшын тілін меңгеруде «Liveworksheets» платформасын қолдану тиімді, дейді Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы Айтолқын Қабден.

Әр аймақтан келген сала мамандары мұндай семинарлардың пайдасы мол деп отыр. Катонқарағай аудандық мемлекеттік және басқа тілдерді дамыту орталығының директоры Жұпар Серкенова жыл көлеміндегі семинарлардың арқасында аудандағы өзге ұлт өкілдеріне тіл үйрету бір табан жеңілдегенін айтады. Мұндай семинарлар алдағы жылы да игі жалғасын табады.