Өңірде балық шаруашылығын дамыту қажет. Әсіресе, өндірілетін өнім көлемін ұлғайту маңызды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында аймақ басшысы Ермек Көшербаев айтты. Сала мамандарына бірқатар тапсырма да берді.
Өңірде жыл басынан бері балық шаруашылығын дамыту мақсатында 500 млн.теңгеге жуық қаржы бөлінген. Аквамәдениет субъектілерінің шығынын өтеу үшін 25 млн. теңге, өндірілген өнім көлемі мен сапасын арттыруға 424 млн. теңге бағытталған.
Балық шаруашылығын дамыту үшін аймақтық жоспар әзірленген. 2030 жылға дейін іске асырылатын құжатты өңірдегі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Есентаев таныстырды.
Аймақта қазіргі уақытта үш шаруашылық бақтақ өсіруде белсенді жұмыс жүргізуде. Тұқы тұқымдас балық санын арттыру үшін облыста 15 көл және бір тоған пайдаланылып келеді. Ал бекіре өсіру жұмыстарын «OstFish» ЖШС іске асыруда.