Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың төрағалығымен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында Өскеменнің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші талқыға түсіп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспары жасақталды.
Жиында мамандар көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол жөндеу және автомобиль жолдарын күтіп ұстауға өткен жылы 13 миллиард теңге бөлінгенін және 3 жоба іске асырылғаны айтылды. Бүгінгі таңда көлік әлеуетін дамыту саласында 36 миллиард теңгеге жуық сомаға 5 өтпелі жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, Өскемен қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Елена Литвинова 2024 жылы қол жеткізілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы айтып берді.
Бұдан бөлек, қала әкіміне тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы туралы баяндалды. Мамандардың айтуынша, биыл жалпы сомасы 148 миллион теңгені құрайтын 60 тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және абаттандыру нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Отырыста мектептер мен қосымша білім беру мекемелеріндегі спорт секциялары мен үйірмелерінің жұмысы туралы да баяндалды.
Кеңес соңында Өскемен әкімі Алмат Ақышов алдағы мақсат-міндеттерді уақытылы орындаудың маңызды екенін атап өтті.