«Шығыс жылу» АҚ тұрғындар мен өзге де тұтынушылар үшін жылу тарифтерін бірінші ақпаннан бастап өсіруге өтініш берген еді. Мұндай өзгертуді желілердің қатты ескіруімен түсіндірді. Бүгін энергетика мамандары БАҚ үшін өткізілген брифингте бұл жайында толығырақ айтып берді.
Осыдан екі жыл бұрын мемлекет басшысы кезекті халыққа Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бойынша жұмысты іске асыру және табиғи монополиялар субьектілері тарифтерін өзгертуге қатысты мәлімдеме жасаған. Оған себеп елдегі электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57%-ы және су құбырлары жүйелерінің жартысына жуығы тозған. Бұның бір себебі, мораторийлерді енгізу, яғни мәжбүрлі тарифтерді ұстап қалу әсер еткен. Бірінші ақпаннан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына тарифтерді өзгертуге қатысты «Шығыс Жылу» АҚ мен «Өскемен ЖЭО» ЖШС өтінім берген.
«Өскемен ЖЭО» ЖШС 1947 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Биыл кәсіпорын станцияның тозу деңгейін төмендету үшін жылу энергиясын өндіру тарифтеріне түзетулер енгізді. 1 ақпаннан бастап 2026 жылдың 31 қаңтарына дейінгі кезеңде бекітілген инвестициялық бағдарламаға 3,2 млрд теңге сомасына қосымша шаралар кірді. Инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 7,5 млрд теңге.
Тиісінше, Өскемен ЖЭО өндірген энергия да «Шығыс Жылу» желілеріне бұрынғыдан жоғары бағамен сатылады. Сәйкесінше, ай сайынғы тұтынушылар төлейтін коммуналдық төлем артады. Бұл шара субьектілердің желілерін жаңарту мен жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған. Нұрлан Рамазановтың айтуынша, энергия желілері жыл сайын жоспармен жаңартылып келеді.
Ескірген желілерді жаңарту мен қызметкерлер жалақысын көтеруден бөлек, жылу тарифтерінің қымбаттауының бір себебі – биыл жылу энергиясының бағасы төрт миллиард теңгеге дейін өсуі мүмкін. Жылу электр орталығы үшін көмір, мазут, дизель отыны сынды шикізаттың бағасы да қымбаттайды.