Өскеменде еркін күрестен облыс чемпионаты өтті. Аймақтық біріншілік Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Базаров Көкенай Кәрменұлының жүлдесіне арналған. Чемпионаттың мақсаты – жас спортшылардың шеберлігін шыңдау.
Жарысқа өңірге қарасты аудан, қалалардан 150-ге жуық спортшы жиналды. 2008-2010 жылы дүниеге келген балуандар боз кілемде барын салып, өзара кім мықтыны анықтады. Жас спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.
Көкенай Кәрменұлы – құрметті спорт қайраткері, КСРО-ның дене шынықтыру және спорт үздігі, халықаралық дәрежедегі төреші, классикалық күрес түрлерінен спорт шебері. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы спорт саласында 41 жыл еңбек еткен.
Жарыстың ашылу салтанатына ШҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Мұзапаров қатысты. Ол бұл турнирдің маңыздылығына тоқталып, Көкенай Базаровтың аймақтағы спорт саласының дамуына қосқан теңдесіз үлесін ерекше атап өтті.
Жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Оны жаттықтырушылары да растайды.
Облыстық біріншілік жеңімпаздарды мен жүлдегерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мақтау қағазы және медальмен марапатталды.