Өскеменде өңірдегі экологиялық жағдайды талқылау үшін құзырлы органдар мен жауапты ұйым өкілдері бас қосты. Олар арнайы жол картасын талқылап, пікір алмасты. Бұдан бөлек, жиында ауа бассейні, су ресурстары, қоқыс қалдықтарына қатысты мәселелер қаралды.

Облыста осы уақытқа дейін ауаны тазартып, кәсіпорындардың зиянды шығындыларын азайту мақсатында атқарылған жұмыс ауқымды. Елдегі өндіріс орнының орталығы саналатын өскеменде қоршаған ортаны қорғау ісі соңғы жылдары өзекті мәселеге айналды. Түйткілдерді тиімді шешу үшін жауапты сала мамандары аянбай еңбек етіп жатырмыз, дейді.

Кездесу барысында бірнеше ұйымдардың жаңа идеялары да тыңдалды. Мысалы, шығарылмаған қоқыстарды суретке түсіріп тіркейтін ортақ бір сайттың қажеттігі айтылды. Ауаның ластануын тіркейтін модульді станция құрылысы және өндірістік қазандығы бар кәсіпорындарға төмен көміртекті қондырғыларды орнату ұсыныстары да талқыланды.

Қоршаған ортаны қорғау саласында ақпараттық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды. Шараға облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы Арнұр Тұраров та қатысты. Ол экологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

Жиын соңында мамандар халықтың денсаулығы экологиялық мәселемен тікелей байланысты екендігін айтты. Сондықтан жергілікті атқарушы билік өкілдері экобелсенділермен бірлесе отырып өңірде қалыптасқан ахуалды жақсартуға бағытталған экологиялық жобалардың ойдағыдай іске асуын қадағалайды.