Шығыс Қазақстан пайдалы қазбаға бай. Қара металлдан бастап, бағалы металлдарға дейін кездеседі. Әсіресе, қолат-қойнауы қазынаға толған Маралды жерінің бүгінде өңір экономикасы үшін маңызы артып отыр. Нысан сынақ режимінде қызмет етіп тұрса да, әкеліп жатқан пайдасы мол.
Маралдыдағы бұл алтын өндіретін фабрика жұмысы бір жылда алға басып, мемлекет қазынасын толтырды. Жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кен ісі оңай сала емес. Әсіресе, Маралдыда өндірілетіні алтын болса. Бағалы руданы өндіріп отырған орынның қызметі жауапты, жұмыс қауырт. Маралдының тау-тасынан алынған кен осы жерге әкелінеді. Артық тас, қоспалардан тазартылғаннан кейін гидрометаллургиялық цехта негізгі процесс жүреді. Тамшылату арқылы алынған кен шикізаты дәл осы жерге жеткізіледі. Өзіміз тұрмыста қолданатын кәдімгі белсендірілген көмірдің өндірістік түрімен руданы адсорбциялайды. Яғни, артығын сүзіп алады.
Қазір мұнда екі жүз адам жұмыс істейді. Соның елуі аудан халқы. Қайырлы Рахымжанов Маралды кен орынындағы бағалы жұмысшының бірі. Дәнекерлеуші болып еңбек ететін ол, жұмысына риза.
Маралды кен өндіру компаниясы директорының орынбасары Айбек Әлібекұлының айтуынша, жұмысшылардың орташа жалақысы 400 мың теңгеден жоғары. Әрине, басты назарда экологиялық қауіпсіздік.
Күршім ауданы үшін Маралды кен орыны үлкен олжа. Он төрт мыңнан аса адамы бар аудан экономикасы үшін маңызды фабрика. Соның ішінде Маралды ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына айтарлықтай сеп болды. Өткен жылдың өзінде 1 млрдқа жуық қаражат сол округке құйылды.