Қаржылық қауіпсіздік – әр азамат үшін маңызды мәселе. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерден жастарды қорғау өзекті болып тұр. Осыған байланысты Өскемен қаласындағы оқушылармен арнайы кездесу өтті. Жиынды аймақтағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті, «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» ЖҚ мен «Қарызсыз қоғам» ұйымының өкілдері ұйымдастырды.

Қаржы мониторингі органдары оқушылар арасында қаржылық қауіпсіздік тақырыбында ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуде. Бұл бастаманы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы мониторингі агенттігі бірлесіп ұйымдастырған. Жоба аясында арнайы сабақ әзірленді.

Кейінгі кезде «дроппер» деген сөзді жиі еститін болдық. Кейде қандай да бір қылмысқа сыбайлас болып жатқанын адам өзі де білмеуі мүмкін. Мәселен, төлем картасын үшінші тұлғаға беру арқылы оп-оңай алаяқтық объектісіне айналуға болады, яғни сіздің төлем шотыңызды алданып қалған азаматтардың ақшасын аудару үшін қолданады. Айлакерлердің тұзағына жастар мен жасөспірімдер жиі ілігеді.

 «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Ермек Жұмағұлов жастарға қарызға батпау жолдары және қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы туралы пайдалы ақпарат берді.

Кездесу барысында мамандар алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын түсіндірді.