Синоптиктер қарашада ауа райы жылы болғанымен, табиғат тосын мінез танытуы мүмкін деп отыр.Сондықтан мамандар күз-қыс кезеңіне тыңғылықты дайындалған. Облыстық, републикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау шаралары күшейтілген. Қажетті техника сақадай сай. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте сала мамандары айтты.
Өңірдегі ТЖД мамамандарының сөзіне сүйенсек, қыс мезгіліне дайындық жұмыстары кешенді жоспарға сай жүргізілді. Қажетті техника мен инертті материалдар, жылыту пункттері әзірленді.
Нұрлан Жеңісханов, ҚР ТЖМ «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ ШҚОФ бөлім басшысы
Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойында қыс уақытында қар көшкіні ошақтары орналасады. Соның нәтижесінде 93 автожол аймағы қар көшкіні ықпалына ұшырайды. 2025 жылы шілде, тамыз айларында қар ұстағыш қалқандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Катонқарағай ауданы, Собачье тауында, Алтай ауданындағы Зубовский тауында жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Синоптиктер қараша әдеттегіден жылы болғанымен, ауа райы тұрақсыз болуы ықтимал деп отыр. Кей күндері жаңбыр жауса, арты қарға ұласуы мүмкін. Желтоқсанда ауа температурасы климаттық нормадан төмендеп, қаңтарда аяз күшейеді. Ал ақпан айында күн райы жылынуы ықтимал.
Нұрбек Тұраров, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, 92% жоғары техникалардың барлығы дайындықта. Сонымен қатар 185 техника қосымша жұмылдырылуда. Қосымша ұйымдармен келісімшарттар бар.
Қазіргі таңда жолды күтіп ұстау үшін қорда -140 мың литр жанармай, 50 тонна техникалық тұз, 800 тонна көмір және өзге де қажетті материалдар бар. Бұдан бөлек, 2500-ден астам бағдаршам орнатылып, 96 көпір тазартылды. Қар басу қаупі жоғары учаскелерде - Өскемен–Тарғын–Самар, Теректі–Ұрынхай–Төсқайың, Күршім–Қалжыр бағыттарында-қар ұстағыш қалқандар орнатылып, қар көшкіні қаупін азайту шаралары жүргізілуде.
Сая Жарасқызы