Өскемен мектептерінде робототехника үйірмелері ашылды. Оқу жылының соңына дейін 400 бала өз роботтарын жинастырып бағдарламалауды, командалық жұмыс дағдыларын меңгереді. Оқушылар арасында инженерлік ойлауды дамытуға бағытталған жоба «Казцинк» компаниясы мен облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Robobastau жобасы мектеп оқушыларына заманауи технологиялар әлемін ашады. Мұнда балалар бағдарламалау дағдыларымен танысып қана қоймай, алған білімдерін іс жүзінде қолданады. Жобаның жаңа кезеңін бастау үшін "Казцинк" компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев келді. Ол өз сөзінде бағдарламалау әлеміне алғашқы қадам жасауға көмектесетін бастаманы қолдай алатындығына қуанышты екендігін жеткізді.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Robobastau жобасы мектеп оқушыларының басын біріктірді. Мұнда балалар бағдарламалау дағдыларымен танысып қана қоймай, алған білімдерін іс жүзінде қолданады. 

Сабақтарды алдын ала дайындық пен оқытудан өткен ұстаздар жүргізеді. Бұған дейін аталмыш үйірмелерге Риддер қаласының оқушылары қатысқан болатын.

Гаухар Нұрғалиева, информатика пәнінің мұғалімі:

Бұл жақсы мүмкіндік. Бұл жерде Казцинк жағынан материалдық қолдау болса, бізге білім беру жағынан, методикасы жағынан қолдау, балаларды әр түрлі чемпионаттарға дайындау бойынша бағыт—бағдар бере отырып, жыл көлемінде жұмыс жасайтын боламыз.

"Robotek" робототехника мектебі іске асыратын robobastau жобасы екінші жыл қатарынан облыс аумағында өткізіліп келеді.

Санжар Шалқарбеков, «Robotek» робототехника мектебінің директоры:

Оқушылар мен информатика мұғалімдері арасында робототехникаға деген қызығушылық басым. Қазір бір жыл ішінде ұстаздарды бірінші кезекте оқытамыз, содан кейін біздің Роботек платформамыздың негізінде балаларға қажетті білімнің барлығын береміз. Әдетте жыл соңында балалар жоғары нәтиже көрсетеді. Ал наурыз айында Өскемен қаласында робототехника бойынша іріктеу чемпионатын өткізетін боламыз.

Қалалық кезеңнің жеңімпаздары мамыр айында елордада өтетін "Robotek Grand Tournament" халықаралық чемпионатына жолдама алады. Бұл балалар үшін бір-бірімен тәжірибе алмасып, өңірді әлемдік аренада таныстыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

Аяулым Усинова, Дильназ Мурзагалиева