Өскемен әкімі Алмат Ақышов қаланы аралап, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақтарға барды. Алдағы уақытта облыс орталығындағы «Амфитеатр» алаңы жаңарып, студенттерге арналған демалыс аймағы ашылмақ. Бұдан бөлек, Меновное кентіне апаратын көпір мен жаңа айналма жол салынады.
Облыс орталығы әкімінің сөзіне сүйенсек, қаланың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуда. Мәселен, «Глобус» сауда үйі маңындағы жол кеңейтіліп, асфальт төселді. Тұрғындар тарапынан сынға іліккен қоғамдық көлік мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Кейбір автобустар тиімді кезде жүруге тырысады да, тиімсіз кездерде жүрмей қоюы мүмкін. Қазір мына автобус жүргізушілерімен де проблема бар. Оларды табудың өзі қиын болып кетті. D категориясымен адамдар өте аз. Нарыққа жаңадан адамдарды әкелу жағынан жұмыс жасаймыз. Бұл әрине, қазіргі жұмыс істеп жүрген тасымалдаушылардың шағымын тудырады. Оны барлығымыз түсінеміз. Дегенменде бізге сапа керек. Сапа болуы үшін бұл нарықта көп компания жұмыс істеуі керек деп есептейміз.
Өскеменде жаңа футбол стадионы салынады. Қала әкімі, нысан заманауи талаптарға сай болатынын айтты. Ал, Меновное кентіне апаратын көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Алдын ала есептеуі бойынша 115 млрд. деп отыр. Бұл енді нақты саны емес. Ол экспертиза шыққаннан кейін белгілі болады. Ал былай негізі барлығы дайын. Тек қан құжаттама шыққаннан кейінгі сол маңайдағы жерлерді имитация жасау мәселесі болады. Бір қуантарлығы осындай үлкен көлемдегі ауқымды жобаларды іске асыра алатын компаниялардың бар болғандығы.
Жастар үшін де жаңа демалыс орны ашылмақ. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ аралығында «Студенттер аллеясы» бой пайда болады. Ал Ертіс көпірі астындағы айналма жол жыл соңына дейін ашылып, көлік қозғалысын жеңілдетеді.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Бұл адамдардың өтіп барып айналуына, жаңағы мына круговойға, көліктің санын азайтуға жақсы әсер етеді. Мердігерге нақты тапсырма берілді. Жылдың аяғына дейін бұл жерден өтетін көліктерді, жаңағы жолды ашып беру бойынша. Бұйыртса көрдіңіздер. Қазір асфальт салынды. Бірер уақыттан кейін бұл жол ашылатын болады. Қалған жұмыстарды аяқтай беретін боламыз. Жалпы соммасы 4 млрд. Оның қазірге 1.8 әлі игерілген жоқ. 2,2 игерілді. Әлі қаражаты бар. Бұйыртса бұның бәрін аяқтаймыз.
Қала инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Талант Тұрсынов