С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге мемлекеттік органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері жиналды. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің аймақтағы департаменті мен Еңбек мобильділігі орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысушылардың қарасы қалың. Шарада жастар қауымы мемлекеттік органдар, әкімдік өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, өздерін толғандырған сауалдарға толық жауап ала алды.
Айнұр Мустафина, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы:
Бұл шараға облыс көлеміндегі барлық облыстық басқармалар және бірқатар аудандардың өкілдері қатысып отыр......білікті маманларлы тарту үшін осы шара ұйымдастырылып отыр.
Мұндай жәрмеңкелер жастарға еңбек нарығындағы сұранысты түсінуге, өз мамандығына сай жұмыс табуға және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – кәсіби жолдың бастауына бағыт беретін тиімді алаң.
Арайлым Есімбекова, ШҚО Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
Өздеріңіз көріп отырғандай.....бұндай жәрмеңкелерден кейін 50 пайызға дейін бос жұмыс орындары жабылады.
Университет жанындағы мансап орталығы түлектерді еңбек нарығына даярлауда маңызды рөл атқарады. Орталық мамандары студенттерге түйіндеме әзірлеу, сұхбаттан өту және кәсіби бағыт таңдау бойынша көмек көрсетеді.
Жаннель Булатова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ “PROFESSIONAL UPGRADING” кәсіби даму орталығының басшысы:
Жәрмеңке түлектерімізге өз мамандығына сай жұмыс табуға, мемлекеттік қызмет саласындағы бос орындармен танысуға мүмкіндік береді. Түлектеріміз түйіндемелерін тапсырып, сұхбаттасудан өтті. Біз олардың мемлекеттік органдарда табысты қызмет ететініне сеніміміз мол.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жастар белсенді қатысты. Жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, мақсат-мүддесін нақтылады.
Жан Асылбеков, С. Аманжолов атындағы ШҚУ 4-курс студенті:
Мамандығым – «Химиялық криминалистикалық сараптама». Бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп, ұсыныстармен таныстым. Жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнаттым.Игі бастаманы ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін.
Мұндай жәрмеңкелер аймақта тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ. Осындай шаралар арқылы жастарды жұмыспен қамту көзделген.
Нұртас Қайролдаев, Руслан Абугалиев