Облыс орталығында «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы аясында Үлкен Нарын ауданының мәдени күндері өтті. Екі күнге ұласқан шара қала тұрғындарына қуаныш сыйлады.
Бұл кеште ұлттық құндылықтар дәріптеліп, туған жерге деген сүйіспеншілік арта түсті. Жергілікті шеберлердің қолөнерлері насихатталып, өңірдің туристік, мәдени әлеуеті кеңінен көрсетілді. Жан-жақты қамтылған шараға үлкеннарындықтар айтарлықтай дайындықпен келген.
Елдос Байрахметов, Үлкен Нарын ауданының әкімі:
Жылдан жылға болатын мерейтой ғой. Жылдың басынан бастап дайындалдық. Былтырғы қателіктерді ескеріп, осы жолы дұрыстап істедік. Жас балаларды алып келдік. Көп ұйымдарды алып келдік. Келген қонақтарымыз жоғары бағалайды деген ойдамын.
Қала тұрғындары мен қонақтары ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесінен дәм татып, тамсанып жатты. Бұдан бөлек, тарихи-өлкетану музейі жәдігерлерінің экспозициясы таныстырылды.
Күлжан Қайдарова, Үлкен Нарын ауылындағы музей филиалының меңгерушісі:
Бұл бұрыннан көне қалған нәрсені жаңғыртып келе жатырмыз деп ойлаймын. Үлес қосып отырмыз. Аудан да осыған қатысыңыздар, апарыңыздар деп айтқанын екі етпей әкеліп отырмыз. Ол кісілерге де алғысымыз шексіз.
Сондай-ақ, қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған майлы бояу картинасы болды. Оны шығармашылық үйінің педагогы Әділбек Қуаныш 2 айдай уақытын арнаған.
Шынар Құрманова, Үлкен Нарын ауданы бойынша білім бөлімінің «Шығармашылық үйі» КМҚК директоры:
Абайдың өмірін бейнелегісі келді. Кішкентай кезі, жас кезі, 13 жасында медресседе орқыды. Батыс, Шығыс жазушыларын аударды. Қартайған шағы. 45 жасында қара сөздерді жаза бастады. Барлығы триптих картинасында бейнеленеген.
Шараға келушілер дән риза. Ауданның шығармашылық ұжымының өнеріне, көрмені ұйымдастыру шеберліктеріне оң бағасын берді. Жұрт таң-тамаша. Көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.
Майкен Әбетова, қала тұрғыны:
Өте ұнап тұр, әсіресе қазақтың қолөнерлері, сырмақ, оюлы қолдан, жүннен жасалған заттар ұмытылмаған. Балаларға көрсетіп, өнеге болатындай үлкен көрме екен.
Сондай-ақ, Үлкен Нарын ауданы өнерпаздары «Туған ел – алтын бесігім!» Нарын тартуы» атты гала-концертті халық назарына ұсынды. Әуелеген ән, күмбірлеген күй мен бишілер өнерлерін паш етті.
Сая Жарасқызы