Облыс орталығында бадминтоннан ел чемпионаты өтіп жатыр. Дүбірлі додада 2015 жылы дүниеге келген жас өрендер өзара кім мықтыны анықтайды. Турнирге аймақ құрамасынан бөлек, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан келген 70-тен астам жас спортшы қатысып жатыр. Өскеменде алғаш рет ұйымдастырылған ел біріншілігінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев те қатысты.

Аймақта бұл сайыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ел чемпионатына кіл мықтылар жиналған, дейді шараны ұйымдастырушылар. Әр кездесу тартысқа толы. Жас өрендер жүлделі орыннан көріну үшін барын салуда. Мұндай жарыстар арқылы елдегі спортшылардың шеберлігі шыңдалып, мол тәжірибе жинайды.

Ерлан Жақсылық, Ақтөбе облысы құрамасының аға жаттықтырушысы:

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласынан он спортшымыз, бес ұл, бес қыз осы Қазақстан Республикасының 2015 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатына келіп отырмыз. Алдыңғы жылы осы чемпионатта жүлделі үшінші орынмен оралған болатынбыз. Осы жылы да жүлделі орын иеленеміз деген үмітіміз бар. Сол себепті бір жыл уақытында жақсы бір жаттығулар жасап, оқу-жаттығуларын өткізіп келіп отырған жайымыз бар.

Өңір басшылығының айтуынша, бадминтон соңғы жылдары аймақта кеңінен дамып келеді. Спорттың бұл түрі баланың дене дайындығын ғана емес, жылдам ойлау мен тактикалық шешім қабылдау қабілетін арттырады.

Малик Бейсалиев, бадминтоннан Ұлттық санаттағы жоғары дәрежелі төреші:

Биыл мен еліміздің түкпір-түкпірінде өткен барлық бадминтон чемпионаттарында төреші болу мәртебесіне ие болдым. Өскеменге келгеніме қуаныштымын. Бұл қала алғаш рет республикалық деңгейдегі доданы ұйымдастырып отыр. Бірқатар өңірлерде болдым, бірақ мұндағыдай мүмкіндік пен дамыған инфрақұрылымды өзге жерден кездестірмедім. Үстел теннисі орталығында жаттығуға арналған алты заманауи алаңның болуы – бадминтон спортының өркендеуіне зор үлес қосатыны анық.

Чемпионат 2 қараша күні аяқталады. Жеңімпаздар ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

Талант Тұрсынов