Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында «Ауыл тұрғындарына қолжетімді медицина» атты акция өтті. Алтай ауданынан 30 әйел облыс орталығына арнайы келіп, тегін кешенді тексерістен өтті. Акцияның басты мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығын тексеріп, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау.
Онкологиялық аурулар әйел денсаулығына төнетін басты қатерлердің бірі. Ауруды ерте анықтау – дер кезінде ем қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан акция барысында профилактика мен ерте диагностикалауға баса назар аударылды. Орталық директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сағидуллина бұл жобаның екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқанын және тиімділігін дәлелдегенін атап өтті.
Гүлмира Сағидуллина, ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
Бүгін біздің мына центрімізде үлкен бір шара өтіп жатыр. Біздің облысымыздың алыс-алыс аудандарынан әйел адамдар келіп, бізге енді чек-ап өтіп жатыр. Осы шара тек біздің центр ұжымы істеп жатқан нәрсе емес. Ол ең бірінші аудандардың әкімшілігі осының бәрін ұйымдастырып, көлік бөліп, әйел адамдарды бүгін бізге жіберіп отыр.
Аймақта онкологиялық аурулардың көбеюі шара өзектілігін арттыра түсті. Алтай ауданында бүгінде 900-ден астам науқас диспансерлік есепте тұр, ал соңғы бір жылда қатерлі ісік жағдайлары 23 пайызға өскен.
Жанна Асқарова, Алтай ауданы әкімінің орынбасары:
Бүгін мына онкологиялық орталығына Алтай ауданынан 30 әйел келді. Бұл 30 әйел Алтай ауданының барлық ауылдық округтерінен де келді. Және де былтырғы жылмен салыстырғанда тоғыз айдың қорытындысы бойынша онкологияның белгісі бойынша былтыр 122 кісіде анықталды. Өкінішке орай биылғы жылмен салыстырғанда 23 пайызға өсіп кетті бұл.
Тексеруден өткен әйелдер ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Көпшілігі мұндай кешенді тексеруден алғаш рет өтіп отырғандарын айтады.
Светлана Андронова, Алтай ауданының тұрғыны:
Осындай мүмкіндік жасағандарына үлкен рақмет. Себебі бәрінің қалаға келіп, тексерілуге мүмкіндігі жоқ. Бізге тегін жеткізіп, жылы қарсы алды, өте ризамыз.
Татьяна Дегтярёва, Алтай ауданының тұрғыны:
Онкоорталықта осындай тексеруден өтуге мүмкіндік бергендеріне қуаныштымыз. Мамандардың барлығы сыпайы, жылы шырай танытты. Тексеру өте жоғары деңгейде өтуде.
«Ауыл тұрғындарына қолжетімді медицина» жобасы алдағы уақытта өңірдің өзге аудандарында да жалғасын табады.
Талант Тұрсынов, Руслан Абугалиев