Облыс орталығында жастар арасында граффити сурет байқауы өтті. Жарыста жиырмаға жуық қатысушы бақ сынасты. Шара «Заң мен тәртіп» қағидаты мен өңірлік «Esirtkisiz Shygys» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Нашақорлық - қоғам дерті. Сондықтан теріс әрекеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанған абзал. Бүгінгі шараның мақсаты да сол. Жастардың әлеуметтік маңызы бар мәселелерге назарын аудартып, есірткінің адам өміріне қаншалықты зиян екендігін жеткізу.
Артем Сурыгин, жарысқа қатысушы:
Мен жергілікті граффити қауымдастығының өкілімін. Осы шараға қатысып, сурет салғанды жөн көрдім. Өзім граффити бағытында төрт жыл тәжірибем бар. Белсенді суретшілердің бірімін. Бүгінгі таңда жастар арасында есірткіге қарсы күресті жиі насихаттаған дұрыс деп ойлаймын.
Шараға мұрындық болып отырған қалалық әкімдік пен облыстық прокуратура. Байқау төрт мекенжай бойынша бір уақытта өтті.
Бақытжан Ерболқызы, Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының директоры:
Мына локацияны таңдаған себебіміз мысалы бұл жерде төрт оқу орны орналасқан. Екі колледж, екі университет деген сияқты. Студенттері көп өтеді. Көп өткен уақытта өзінің қатарластары салған суреттерге қарап, ой түйеді деген мақсатта ұйымдастырып жатырмыз. Комиссия мүшелерінде бізде суретшілер одағының мүшелері, Жұлдыз өнер мектебінің ұстаздары барлығы бірігіп жастардың шығармашылық көзқарасымен бағалайтын болады.
Байқаудың қорытындысы қарашаның төртінде жарияланады. Жарыс жеңімпаздары арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Гүлдана Айдарқызы