Өскеменде «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Екінші жыл қатарынан өңір тұрғындары мемлекеттік орган өкілдері, заңгерлер және адвокаттармен жеке жүздесіп, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Шара аясында келушілерге тегін әрі білікті құқықтық көмек көрсетілді.
«Халық заңгері» акциясы – кез келген адамға алдын ала жазылусыз, артық қағазбастылықсыз мамандардан тегін кеңес алу мүмкіндігін береді. Басты мақсат – құқықтық көмекті халыққа барынша қолжетімді ету, әр азаматтың өзін жүйенің алдында жалғыз сезінбеуіне жағдай жасау. Бұл бастама бүгінде дәстүрге айналып отыр.
Жандос Қоңыров, ШҚО Прокуратурасының үшінші басқармасының бастығы:
Бүгінгі таңда халық заңгері акциясы жүзеге асып жатыр. Бұл бүкіл Республика аумағында сағат 17:00 де бастама алды. Негізгі мақсат бұл жерде осы азаматтардан халықтың құқықтық білімін жоғарылату болып табылады. Бастапқыда бұл акцияда тек қана осы танымал заңгерлер мен адвокаттар түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, бүгінгі күні прокуратура органдары бұл жұмыс, іс-шараның ауқымын біз кеңейтіп жатырмыз. Бұл жерде тек қана прокурорлар емес, соттар, нотариустар, адвокаттар, құқық қорғау оргагндарының өкілдері және жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көбіне сатып алу, сату келісімшарттарын жасау, сенімхат рәсімдеу және Азаматтық кодекспен реттелетін өзге де құқықтық мәселелер жөнінде жиі сауал қояды.
Фарида Салықова, нотариус:
Бүгінгі акция баршаға қолжетімді. Кез келген адам келіп, мамандардан тегін кеңес ала алады. Бұл – уақыты немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өте тиімді шара деп есептеймін.
«Халық заңгері» акциясы құқықтық сауаттылық – жай ғана ұғым емес, әр азаматтың өз мемлекетінде қорғалатынын сезінуге мүмкіндік беретін нақты құрал.
Талант Тұрсынов, Мирас Сабитпеков, Ирина Санникова