Өскемендегі балабақшаның бірінде «құм терапиясы» кабинеті ашылды. Мұнда педагогтар түрлі әдіс-тәсіл арқылы балаларға қызықты сабақтар өткізеді. Құм терапиясының ойлау қабілеті мен ұсақ моториканы дамытуда пайдасы зор. Жуықта ашылған оңалту орталығына 7 бала жазылып үлгерген.

Кәсіпкер Юлия Кизилова – ерекше баланың анасы. Ол баласымен жақсы байланыс орнату үшін оған аутизм спектрі бұзылған балаларды оңалтудың әртүрлі әдістерін зерттеу керек болды. Көп ұзамай ол тәжірибе жинап, осы бағыттағы маман атанды. Онымен қоса, жылдың басында Юлия Кизилова құм терапиясы кабинетін ашты. Әрі ол гидромассаж маманы.

Назгүл Мұстафина – орталық ашылғалы бері баласын құм терапиясына алып келеді. Мұнда келгеннен бері баласында оң өзгерістер байқалған көрінеді. Бауыр еті баласының қоршаған ортаға бейімделіп, белсенді болуы үшін ол бұған дейін де түрлі мамандарға апарып, қосымша сабақтар алған.

Былтыр Юлия Кизилова бизнес-жобалар байқауына қатысқан. Байқаудан өткен соң оған 400 АЕК көлемінде қаржы бөлініп, грант иегері атанды. Ол түскен қаражатқа жеке терапия кабинетін ашу үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды.

Әрбір кішкентай келуші үшін Юлия Кизилова жеке оқу бағдарламасын әзірлейді. Жарты сағат ішінде интерактивті ойындар мен арт-терапия арқылы балалар ойлау жүйесін дамытады. Ал, мұндағы құм – гипоаллергенді. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.