31 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында Өскемен-1 станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Абайлаңыз, балалар» жедел профилактикалық шарасын өткізеді. Тәртіп сақшылары теміржол бойында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған рейд ұйымдастыруда.

Соңғы уақытта елде теміржол бойында жазатайым оқиғалар саны жиіледі. Өскемен-1 станциясының желілік полиция бөлімі ұсынған дерекке сүйенсек, жыл басынан бері оннан астам оқыс оқиға тіркелген. Адам шығыны да бар. Қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Дәурен Хамзин, Өскемен-1 станциясы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы:

Ағымдағы жылдың басынан бері, қызмет көрсету аумағы бойынша азаматтардың теміржолдан бекітілмеген жерден өтуі боцынша 12 дерек тіркелген. Оның ішінде поезддардың астына түсу бойынша бір дерек тіркелген. Өкінішке орай бір азамат қаза таптты. Қазіргі таңда сол осындай жазатайым оқиғалардың алдан алу бойынша профилактикалық шаралар өткізудеміз.

Тұрғындар жағы қолға алынған бастаманы құптап отыр. Олар теміржолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мерзімдік шара емес, жүйелі түрде жалғасуы тиіс деген пікірде.

Шара аясында облыс орталығындағы білім ошақтарында кездесулер ұйымдастырылуда. Полицейлер оқушыларға теміржол – аса қауіпті аймақ екенін ескертіп, жадынамалар таратты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл профилактикалық шаралар бір реттік акциямен шектелмейді. Жыл соңына дейін жалғасып, балалар мен ересектердің қауіпсіздігін арттыруға баса мән беріледі.

Нұртас Қайролдаев