Шемонаиха ауданына қарасты Выдриха ауылындағы «Уба» шипажайында қаржылық қауіпсіздікке арналған семинар өтті. Шараны облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, жергілікті атқарушы органдар және «AMANAT» партиясы бірлесіп ұйымдастырды. Жиын барысында қатысушыларға қаржылық алаяқтықтың алдын алу жолдары түсіндірілді.
Семинарға қатысушылардың басым бөлігі - зейнет жасындағы адамдар. Оларға алаяқтық әрекеттері қалай жүргізілетіні және өзін-өзі қорғаудың жолдары түсіндірілді. Мамандар дроп-карталар мен фишингтік шабуылдардың қауіптілігіне де тоқталып, киберқауіпсіздік ережелерін баяндады.
Гауһар Әшімхан, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
Шемонаиха ауданындағы Уба шипажайында зейнеткерлермен профилактикалық шаралар жүргіздік. Аталған шараның мақсаты бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі алаяақтардың құрбаны болмау.
Қаржылық қылмыстардың алдын алу бағытындағы мұндай түсіндіру шаралары өңірде жиі өткізіліп келеді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Жүздеген азаматтың қаражаты заңсыз айналымнан қорғалды. Дегенмен, құқық қорғау органдары қырағылық таныту қажеттігін ескертеді.
Қайырғазы Аренов, семинарға қатысушы:
Келген жігіттер алданып қалған, қазір алдыңғы уақытта адамдар алданбас үшін сондай ақпараттар көп берді бізге.
Сала мамандары кез келген күмәнді ұсынысты қабылдамас бұрын, мәліметті тексеріп, сақ болуға шақырады. Әсіресе, жеке деректерді бөгде адамдарға жария етпеу маңызды.
Ермек Жұмағұлов, ШҚО бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы:
Егер сізге қандай да бір қоңырау түсіп, депозиттен жоғары табыс ұсынып жатса, абай болу керек. Қазір депозиттің мөлшерлемесі 17- 19 пайыз шамасында. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ал егер сізге 30, 40, тіпті 100 пайыз табыс береміз десе – ол анық қаржы пирамидасы мен алаяқтық. Неге? Өйткені ондай кірісті ешкім жасай алмайды. Сондықтан мұндай ұсыныстардан абай болу керек.
Қаржылық қауіпсіздік - әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Сарапшылардың айтуынша, күмәнді ұсыныстарға сенбей, кез келген қаржылық қадамды жасамас бұрын толық ақпарат алған жөн. Заңды ұйымдар тек ресми арналар арқылы қызмет көрсетеді, ал шектен тыс табыс уәде еткендердің әрекеті - алаяқтықтың айқын белгісі
Бекарыс Секен