Облыс орталығында аймақтағы ең үлкен «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы ашылды. Су жаңа ғимараттың аумағы 28 мың шаршы метр. Жаңа нысан өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясы аясында құрылып отыр.

Жаңа нысан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, стратегиялық хаб ретінде де қызмет атқармақ. Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов орталықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, болашақта бұл сауда кешені Қазақстанның өзге өңірлеріне және таяу шетелдерге өнім экспорттауға мүмкіндік береді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Егістік даласынан сөреге дейін тікелей ешқандай делдалсыз біздің ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу төменгі бағада сатылым ұйымдастыру, азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты үлкен үлкен іс- шаралар еліміздің оның ішінде облысымыздың азық – түлік қауіпсіздігін сақтау стратегиясы аясында мемлекет пен жеке бизнестің бірлескен үлкен бір жобасы іске асып отыр. Барлығымызға құтты болсын.

Мұнда жыл бойы жұмыс істеуге дайын көкөніс сақтау қоймасы бар. Көкөністер мен жемістер сататын саудагерлерге 33 орын ұсынылған. Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен кәсіпкерлер келіп ісін дөңгелетуге дайын.

Александр Рассказов, «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы жобасының жетекшісі:

Орталықта сүт өнімдері, ет және балық павильондары сынды азық-түлік бөлімдерінің бәрі қарастырылған. Мұнда қазіргі уақытта Өскемен мен бүкіл Шығыс Қазақстан бойынша ең үлкен супермаркет орналасқан. Оның жалпы аумағы 4,5 мың шаршы метрді құрайды. Кең ассортиментпен қатар, бұл жерде өнімдер ең төмен бағамен ұсынылады. Бұдан бөлек, көкөніс пен жеміс-жидек өндірушілері мен жеткізушілері үшін арнайы ұйымдастырылған сауда орны жұмыс істейді. Екінші қабатта бізде фудкорт аймағы мен балалар паркі бар.

Орталық аумағында ет сапасын, қауіпсіздігін қадағалау үшін зертхана ашылған. Жаңа технологиямен қамтылған мекеме мамандары азық – түлік сапасын жіті бақылауда ұстайды. Сонымен қатар сауда кешенінен облыстың 12 ауданына ашылған жеке – жеке павильондарды да көруге болады. Бұл – жергілікті өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік.

Сәкен Сахариев, кәсіпкер:

Мен Глубокое ауданы, Белоусовка кентінде тұрамын. Тауық шаруашылығымен айналысамын, тауық өнімдерін өндіремін жұмыртқа, ет бағытында айналысамын. Кішкене өндіру көлемі көбейіп жатқаннан кейін бір сауда орны керек болып жүр еді мынау жақсы. Осы Алтай базары ашылатын болғаннан кейін ұсыныс жасадым аудан әкімшілігіне маған бір сауда орны керек еді деп. Сауда орнын алдым.

Бұдан бөлек, көтерме – бөлшек сауда орталығы аумағында өндірістік цехтар да орналасқан. Мұнда ет өнімдерінің жартылай фабрикаттарын шығаратын заманауи желілер, наубайхана және кондитерлік бөлім жұмыс істейді.

Арайлым Сүлейменова, кәсіпкер:

Бұл жерде біздің өндіріс орналасқан. Жалпы ауданы 1500 шаршы метрді құрайды. Мұнда үш цех жұмыс істейді. Оның ішінде наубайхана, кондитерлік және аспаздық бөлім бар. Міне осында тәтті бәліштеріміз қойылған. Айта кететін жәйт мамандар дайын қоспаларды емес, табиғи әрі балғын өнімдерді қолданады.

Орталықтың ашылуына келген қала тұрғындарының қарасы қалың. Олар жаңа нысанға қызығушылық танытып, бірден сауда жасауға асықты.

Елена Симбирская, қала тұрғыны:

Мен мұнда сауда жасауға келген алғашқылардың бірімін. Облыс тұрғындарын тағы қандай өнімдермен қуантуға болатынын көргім келді. Керемет бастама, іші өте үлкен, заман ағымына сай салынған орталық.

Орталыққа әр 15-20 минут сайын қоғамдық көлік қатынайды. Сонымен қатар, егде жастағы азаматтардың келуіне және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына барлық жағдай қарастырылған.


Гүлдана Айдарқызы