Күршім ауданында Конституция күніне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – жүгіруден өткен марафон. Дәстүрлі спорттық сайысқа жасөспірімдерден бастап ересектерге дейін қатысып, өз бақтарын сынап көрді. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар да табысталды.
Спорттық сайысқа ауыл тұрғындары мен жастар ғана емес, кәсіби спортшылар да қатысып, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Жарысқа алыс-жақыннан келген қатысушылар көп. Олардың қатарында Абай облысынан келген кәсіпқой спортшы бар. Бірінші орынға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық дайындалған.
Гүлгүл Жүнісова, Жарысты ұйымдастырушы:
Үш дистанция қойып отырмыз. Ол 5 км, 10 км, 21/ 100 км. Бес км-де бізде балалар да бар және әйелдерді де қостық.
Бұдан бөлек, мереке қарсаңында Күршім ауданының Ақсуат ауылдық клубы күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. Бұрынғы ескі ғимарат енді ауыл тұрғындарының басын қосатын мәдени орталыққа айналмақ. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 15 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Мәдени орталықтың ашылуына аудан әкімі Мейіржан Әлбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Жиын барысында жергілікті халық өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Ауылдағы басты түйткілдің бірі – балық шаруашылығы. Тұрғындардың айтуынша, қарапайым халыққа балық аулауға рұқсат берілмей отыр. Бұл жағдай олардың негізгі кәсібіне де, тұрмыс-тіршілігіне де айтарлықтай әсер етуде. Әкім бұл мәселенің мән-жайын зерделеп, шешу жолдарын қарастыруға уәде берді.
Мейіржан Әлбеков, Күршім ауданының әкімі:
Жағалаудағы тұрғындардың негізгі ата кәсібі – балық шаруашылығы. Сондықтан, кәсіп өрге қарай дөңгелемей, тұрғындар көшіп жатса, жұмыс болмай жатса мына ғимараттың да, басқаның да қажеті болмай қалады. Сондықтан, ауылдастар сол ең бірінші балықтарыңыз ауланып, кәсіптеріңіз молынан болсын.
Тағы бір қуанышты жаңалық! Бірлік ауылында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Салтанатты жиынға аудан әкімі де қатысты. Мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айында басталып, небәрі бір жыл ішінде толық аяқталған. Заманауи білім ошағында барлығы 11 оқу кабинеті бар. Қазіргі таңда 16 мұғалім еңбек етеді.
Ринат Нұрбек, Бірлік негізгі орта мектебінің директоры:
Мектепте 1-9 сыныптарда 40 оқушы бар. Даярлықта – 3 оқушы бар. Және шағын орталыққа 15 бала келгелі отыр. Барлығы сонда бізде алып қарайтын болсаңыздар 58 оқушы бар.
Мектепте балалар білім алу үшін барлық жағдай қарастырылған. Кабинеттер жарық әрі кең. Интерактивті тақта, ноутбуктермен толық қамтылған. Бұдан бөлек, нысанға керекті ішкі құрал-жабдықтардың барлығы «СМУ Шығыс» ЖШС қаражаты есебінен сыйға тартылған.
Қанат Ахметжанов, «СМУ Шығыс» ЖШС директорының орынбасары:
Бұл облыс әкім Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы негізінде салынған. Жоба құны – 550 млн. Бүгінгі күні бұл мектеп 1300 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде спортзал, мини центр бар. Бұл офтэйк контрактінің ерекшелігі – бұл мектеп салынғанға дейінгі қаражат өзімізден шығады.
Мерекелік шара легі «Қарбыз фестивалімен» жалғасты. Жергілікті тұрғындар күзгі дастархан ұйымдастырып, орталық алаңды түрлі-түске бөледі. Сахнада эстрада жұлдыздары ән шырқап, кеш соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылды.
Фатима Тілейханқызы