Өскеменде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге арналған облыстық семинар-кеңес өтті. Жиынды облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Мақсат – кәсіпкерлік ортада мемлекеттік тілді қолдану мәдениетін көтеру, көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін дұрыс жазуды қадағалау. Сонымен бірге, қоғамдық тамақтану орындарында ас мәзірлерінің мемлекеттік тілде толық әрі сауатты ұсынылуын қамтамасыз ету де кеңінен талқыланды.

Семинарға халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстағы филиалы, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер палатасы, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері қатысты. Жиында қатысушылар қызмет көрсету орындарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы туралы өз ойларын ортаға салды. Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірі мемлекеттік тілде толық әрі сауатты ұсынылуы сөз болды. Жиында заңнама талаптары түсіндіріліп, нақты мысалдар келтірілді. Мамандардың айтуынша, кей мекемелерде ас мәзірі мемлекеттік тілде ұсынылмайды, аудармасы дұрыс емес. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың құқығын шектейді.

Рауан Сайранбекұлы, Облыстық прокуратураның аға прокуроры:

ҚР Тіл туралы Заңының 21-бабының 2-тармағына сәйкес көрнекі ақпарат, яғни, жарнама, хабарландырулар, маңдайша, мәзірлер, бағалар көрсетілген тізімдер және т.б. мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа тілдерде де жазылуы тиіс екені анық көрсетіледі. Бұл талап енді тек мәтінде емес оны тұтынушылар көре алатындай нақты түрде қолдануға тиіс. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындарында қазақша мәзір талап ету тұтынушының заңды құқығы.

Жыл басынан бері өңірде қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірі мәселесі бойынша 30 заңбұзушылық анықталған. Шара барысында қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілдің қолданылуы, тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілде берілу мәселелері талқыланып, осы бағыттағы заңнамаға енгізілген өзгерістер түсіндірілді.

Зәуре Қаппасова, ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің бас маманы:

Тұтынушы өзінің құқығы бұзылған жағдайда заңның 42/4 бабына сәйкес сатушыға не орындаушыға наразылық хатпен жүгінуне болады. Ал, орындаушы-сатушы өз тарапынан осы наразылық хатқа 10 күнде жауап беруге міндетті. Хатқа жауап бермеген жағдайда, тұтынушы бізлді органға шағымдануына болады.

Мамандардың айтуынша, мұндай семинар-кеңестер тек мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, кәсіпкерлердің де іскерлік мәдениетін қалыптастырады.

Самат Қасенов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

Әлеуметтік желілерде түрлі салаларда көрнекілік ақпараттардың мемлекеттік тілдк дұрыс жазылмауы, мемлекеттік тілде қызмет ала аламадық, тіркелуде отыратын қызметші орыс тілінде не болмаса, басқаша жауап беріп, екі қызметтердің арасындағы хабарласқан қызметкердің арасындағы кикілжіңдер түсіп жатыр. Бізге е-Otinish арқылы, ақпараттық жүйе, әлеуметтік желі негізінде барлық таралымдарға шығып жатыр.

Түсіндіру жұмыстары өңірге қарасты қала-аудандарда жалғасын табады. Алдағы уақытта да бақылау күшейтіліп, мемлекеттік тілдің қызмет көрсету саласында кеңінен қолданылуына баса назар аударылмақ.

Қымбат Иманғали