Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамытуға негізделген нақты тапсырмалар берілген болатын. Осы мақсатта облыста атқарылған шаруа көп. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы оң динамика көрсетті. Әсіресе, металлургия, химия, машина жасау салалары мен шикізатты қайта өңдеуге, инфрақұрылымды, логистиканы, ауыл шаруашылығы саласын жетілдіруге бағытталған инвестиция көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Брифингте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Президент жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында аймақта 70 аса іс-шараны қамтитын арнайы жоспар бекітілгендігін айтты. Бұдан бөлек, экономиканы әртараптандыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 7 айда 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орыны ашылған. Оның 6500 тұрақты. Орташа жалақы мөлшері 407 мың теңгені құрап отыр. Бұдан бөлек, 151 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Катонқарағай мен Зайсан аудандарына әуежай салу туралы Президент нақты тапсырма берген. Бұл жобалар туризмді дамытуға және көлік-логистикалық инфрақұрылымды нығайтуға сонымен қатар біздің экономикалық өсімге серпінін беруде. Жыл басынан бері облыстың экономикалық көрсеткіші оң өсім бар. Өсу бар. 2027 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 9,4 процентқа өсіп отыр.

Облыс экономикасының негізін өнеркәсіп саласы құрайды. Өңдеу өнеркәсібінде металлургия жетекші орында. Одан кейін химия өнеркәсібі мен машина жасау саласы тұр. Бүгінгі күні өңір бір жақты шикізатқа тәуелділіктен арылып, көпсалалы дамуға басымдық беруде. Ұлан ауданында сирек кездесетін металдарды өңдеу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жоспарға сай 2029 жылы іске қосылады. Инвестиция көлемі 450-600 миллион АҚШ долларын құрайды.

Исатай Ансат, ШҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

Ағымдағы жылдың 7 айында облыс экономикасына 384,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Өсім қарқыны 112,2 пайызды құрайды. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 293 млрд. теңге. Бүгінгі күні өңірде жалпы көлемі 875 миллиард теңге болатын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. 4700 жаңа жұмыс орыны құрылды. Келесі жылы құны 104 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаны аяқтау жоспарда бар.

Атом энергетикасын дамыту мақсатында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Бүгінде облыста Үлбі ТВС кәсіпорыны жылына 200 тонна уран өндіріп отыр. Олар атом электр станцияларына арналған отын жиынтықтарын өндіреді. Ендігі кезекте атом саласына қажетті маман даярлау мәселесі де өз кезегімен шешімін таппақ. Бұдан бөлек құрылыс саласына тиісті материалдарды өзімізде өндіруге бағытталған жоба жүзеге асырылуда. Ол ішкі нарықты қажетті әрі қолжетімді бағадағы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Брифингте агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, шаруаларға субсидия беру тәсілдері мен жеңілдетілген несие алу жолдары айтылды. Мәселен, «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша шаруалар жылдық мөлшерлемесі 5 пайызды құрайтын 12,2 миллиард теңгенің несиесін алды. Сонымен қоса 360 ауыл шаруашылық техникасы лизингке берілген. Ал ауыл халқының тұрмысын жақсартып, кәсіп ашуға ниеттілерге қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол.

Ажар Қаджибекова, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

2024 жылы 2,5 милдлиард теңгеге несие берілді. Бұл қаражат тұрғынджарға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 187 жобаға берілді. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, құс шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, туризм саласын дамытуға бағытталған. Биыл бағдарлама бойынша облысқа 6 миллиард теңге жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 600 миллион теңгесі келді.

Бұл инвестициялық жобалардың барлығы өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек. Сонымен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігі мол.

Салтанат Кеңесбекқызы