2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол салық салу жүйесін түбегейлі жаңартып, әкімшілендіруді жеңілдетуді, бизнес пен азаматтарға арналған заманауи цифрлық сервистерді енгізуді көздейді. Бұл туралы облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қазыбек Қойшынов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Жаңа құжатқа сәйкес, корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталса да, ол енді салаларға қарай әртүрлі мөлшермен есептелмек. Банктер мен ойын бизнесі үшін 25 пайыздық салық белгіленсе, әлеуметтік сала ұйымдары үшін алғашқы кезеңде жеңілдіктер қарастырылған. 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 пайыздық жеңілдетілген шарт сақталады.
Қазыбек Қойшынов, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары:
Салық кодексі мемлекет басшысының әділ ашық, болжамды салық салуды қамтамасыз етуге соның ішінде салықтық әкімшілендіруді жаңартуға, салықтық бақылауды толық цифрландыруға бағыттайтын жаңа салық кодексін қабылдануын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмасына байланысты әзірленді.
Жеке табыс салығы да өзгерістерге ұшырайды. Жаңа жүйе бойынша прогрессивті шкала енгізіліп, 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын табысқа 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Бұл шамамен жылына 34 миллион теңгеден жоғары кіріске қатысты болмақ.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Жаңа кодексте акциз салығының жаңа түрі де енгізіліп отыр. 10 пайыздық қосымша салық қымбат тауарларға салынады. Мәселен, бағасы 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автокөліктер, 100 миллион теңгеден жоғары тұратын кемелер, құны 450 миллион теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке салынатын салық көлемі артады.
Сонымен қатар, салықтық берешекті өндіріп алу тәсілдері өзгертіледі. Жаңа тәртіп бойынша шаралар қарыз көлеміне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жаңа Салық кодексі елдегі салық салу жүйесін барынша ашық, әділетті және заманауи талаптарға сай етуге бағытталған.
Гүлдана Айдарқызы