Белоусовка кентінде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараға мемлекеттік орган өкілдері, еріктілер қатысты. Олар бекітілген аумақты тұрмыстық қатты қалдықтан тазартып, тұрғын үй ауласын мұнтаздай етті.

Шарада жастар мен еріктілер ерекше белсенділігімен көзге түсті. Мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Қоршаған ортаға деген қамқорлықты арттырып, табиғатты аялау әр тұрғынның міндеті болуы тиіс, дейді жастар.

Лаура Нұрқасынова, Глубокое ауданының Жастар ресурстық орталығының директоры:

Белоусовка кентінде «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияға біз еріктілермен, осы кенттің тұрғындарымен бірге, бірлесіп қатысып жатырмыз. Кеше осы жерде, стадионда Белоусовка күні өтіпті. Сол күнненкейін біз тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Таза Қазақстан акциясы тек қана қоқысты жинау ғана емес, бұл өзіміздің қоршаған ортамызды сақтау және жанашырлықпен қарау деп өзім есептеймін.

«Таза Қазақстан» – экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған ауқымды бастама. Игі шараға республика бойынша 11 млн. жуық азамат қатысты. Еріктілердің айтуынша, айналаны таза ұстау әр адамның өзінен басталады. Әрбір азамат туған жеріне жанашырлықпен қараса, қоршаған ортаның ажары да ашыла түседі.

Анатолий Ташниченко, Белоусовка ауылының әкімі:

«Таза Қазақстан» акциясы аясында стадионда сенбілік өтті. Бұған дейін, «Ауыл күнін» атап өткен едік. Бұл шарадада тазалық жұмыстарына мән берілді. Еріктілердің еңбегі ерен. Акцияға қатысушыларға алғыс айтамын.

Хамит Ұрұсбаев, Белоусовка ауылының тұрғыны:

Мен республикалық «Таза Қазақстан» акциясына қатысуды жөн көрдім. Себебі, мен өз Отанымды сүйемін және ауылымның гүлденгенін қалаймын. Қолымнан келетін ең қарапайым іс – ауылымдағы қоқысты жинау. Сол іспен белсенді түрде айналысып жүрмін.

Тұрғындар әр сенбіліктен соң, кент келбеті айтарлықтай өзгеріп, көшелер таза әрі жайлы бола түсетінін айтады. Ал акцияны ұйымдастырушылар жағы бұл тек бір реттік шара емес, жыл сайын игі жалғасын табатын дәстүрге айналады деп отыр.

Талант Тұрсынов