Биыл аймақта Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жеті жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Солардың бірі - Өскемен қаласындағы Есенберлин көшесінде бой көтерген №41 жалпы білім беретін мектеп.

Жаңа оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашқан білім ұясы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқушылар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасалған. Мектептің ашылу салтанатына арнайы қатысқан өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов шәкірттерге сәттілік тіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі аттаған алғашқы қадамдарың құтты болсын, қадірменді балалар. Білім күні құтты болсын. Жаңа мектебіміз құтты болсын. Осы білім ұясында әдемі мектепте әдемі оқып, жақсы мектепте жақсы оқуға тиіссіздер және оқиды деп сенеміз.

600 орынға шақталған мектеп екі аусымда жұмыс істейді. Мұнда оқушылардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік педагог, психолог, логопед, сенсорлық бөлмелер мен ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер де бар.

Динара Мұсабаева, мектеп директоры:

Қыздарға, ұлдарға арналған тамақтану мәдениеті, қыш өнер шеберханасы, дизайн және технология шеберханаларымен қамтамасыз етілген және де 177 орынға арналған асханамен қамтамасыз етілген. 1-3 қабаттарда бастауыш сынып орналастырылған және әр түрлі кәбинеттер, физика информатика, робототехника, графика және жобалау. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін оқушыларға арналған сенсорлық бөлме, инклюзивті қолдау орталығының кабинеттері қарастырылған.

Ата-аналар мен оқушылар да биылғы оқу жылын жаңа мектепте бастағандарына дән риза.

Сәуле Қадірова, ата-ана:

Жаңа ашылған мектепке келіп, осы мектеп жаңа ашылып, жаңа бастағанымызға қуаныштымыз. Балаларымыздың келіп жатқан қадамы сәтті болсын. Қадамдары нық, болашақтары жарқын болсын. Білімді азаматтар болып шықсын.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Өскемен жоғары политехникалық колледжіне барып, студенттерді білім күнімен құттықтады. Болашақ мамандарға табыс тілеп, колледждегі оқу үдерісі мен материалдық-техникалық базамен танысты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атауы, осы аясында үлкен-үлкен жұмыстар жүруі бұл өте үлкен маңызға ие. Елімізде адам капиталға, техникалық, кәсіптік білімнің қандай қажет екенін көрсетеді және осындай оқу орындарының өндіріс ошақтармен арасындағы қарым-қатынас артып, болашақта біздің жоғарғы білікті мамандардың шығуына өз үлестерін қосады.

Өскемен жоғары политехникалық колледжі - 1953 жылдан бері еліміздің энергетика саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлап келе жатқан оқу орны. Бүгінде мұнда мыңнан астам студент заманауи технологияларды меңгеруде.

Мәди Құдайбергенев, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің қызметкері:

Бізде «Жаңартылатын энергия көздері» аудиториясы ашылған. Бұл жерде жасыл энергетика бағытында күн панельдерімен жұмыс істеу, подстанция мен электр станцияларында қолданылатын құрал-жабдықтарды қосу және ажырату тәсілдері үйретіледі.Сонымен қатар жел электро энергетикасы бойынша бізде қосымша жел электро станциялдары солардың жабдықтары орналасқан.

Жалпы, биыл оқу орнына 506 студент қабылданды. Оның ішінде 168-і жұмысшы мамандықтарын таңдаған. Жаңадан ашылған бағыттарға да қызығушылық жоғары. Мәселен, «Қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер» мамандығына 33 студент, ал «Жаңартылатын энергия көздері» мамандығына 18 студент оқуға түскен.


Кәусар Идаятқызы