Глубокое ауданына қарасты Уварово ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Заманауи медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында салынды. Жоба бойынша өңірде барлығы 36 нысан бой көтермек.
Жаңа медициналық пункт толық жабдықталып, физиотерапия, екпе, акушер кабинеттерімен қамтамасыз етілген. Бұған дейін ауыл тұрғындары ескі ғимаратта ем қабылдаған еді. Енді 1500-ге жуық тұрғын сапалы медициналық қызметке қол жеткізбек.
Эльдар Тұмашинов, Глубокое ауданының әкімі:
Президенттің бастауымен, облыс әкімінің қолдауымен,медициналық пункт ашылып жатыр. Сондықтан баршаңызды осындай керемет сәтпен құттықтаймын.
Медициналық пункт қажетті мамандармен толық қамтылған. Мұнда фельдшер, екі медбике және санитар қызмет атқарады. Алдағы уақытта физиотерапия кабинеті іске қосылған соң мамандар қатары арта түспек.
Мирхат Увазыров, Глубокое аудандық аурухананың бас дәрігері:
Біздің ауданымызда 6 шы объект ашылып жатқан. Осы ауылымызда 1500 адам қаралатын болады. Оның ішінде 800 ер адам, 700 әйел адам. Осы кісілердің барлығы жаңа, заманауи фельшерлік пункте медициналық қызмет өте жоғары деңгейде көрсетілетіне сенімдіміз.
Ашылу салтанатында тұрғындар мен дәрігерлер қуаныштарымен бөлісті. Жергілікті халық бұл нысанды көптен күткендерін айтты.
Күлдариға Әуесханқызы, Глубокое ауданының тұрғыны:
Осы ауылда тұрып жатқаныма қырық жыл болды. Бүгін міне жақсы ауруханамыз ашылып жатыр, құтты болсын. 30 жылдай осындай аурухана жоқ болатын, қазір енді зейнеткерлеріміз аудан орталығына бармай, өзімізде емделетін болады.
Ауылдарда жаңа медициналық пункттердің салынуы - халыққа сапалы қызметтің қолжетімді болуына жол ашады. Заманауи құралдармен жабдықталған нысандар тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және алдын алу шараларын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Бекарыс Секен