Құтқарушылар су айдындарындағы шомылу маусымын қорытындылады. Ресми деректерге сүйенсек, биыл өңірде 7 адам суға батып кеткен. Оның екеуі - жас балалар. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың көбі шомылуға арналмаған аумақтарда орын алады. Мұндай жерлерде су ағысы қатты болып, тереңдігі қауіпті деңгейде болады.

Жазғы демалыс кезінде төтенше жағдай қызметкерлері 13 адамды құтқарып қалды. Ал, су айдындарында 1600-ден астам рейд ұйымдастырылып, профилактикалық шаралар жүргізілді. Қауіпсіздік талаптарын елемеген 40 азаматқа әкімшілік жаза қолданылды.

Ерік Тұрсынғалиев, ШҚО ТЖД Өскемен қ. Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:

Суға батқаны туралы анықтама айтатын болсақ, жас мөлшері 20-25 аралығындағы жасөспірімдер. Олардың негізгі себептері арнайы жабдықталмаған суға түсу, және де кішкентай балаларды ата аналарынсыз қараусыз қалдыру себебі болып табылады.

Облыстық ТЖД сүңгуірлеріне биылғы шомылу маусымында 21 өтінім түскен. Арнайы тексерістердің арқасында су арналарының түбі зерттеліп, қауіпті аумақтар анықталды.

Исхар Савазов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Шомылу маусымында яғни үш айдың ішінде, 40 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл көрсеткіш профилактикалық жұмыстың дұрыс жүргізіліп жатқанын және өңір халқының қауіпсіздікке деген көзқарасы қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Құтқарушылардың айтуынша, су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың алдын алудың басты жолы - қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау. Арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылып, балаларды қараусыз қалдырмау қажет. Сонда ғана әрбіріміз өз өмірімізді қорғап, қауіпті жағдайлардың алдын ала аламыз.

Бекарыс Секен