Өскеменде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мамандандырылған мектеп ашылды. Мұнда аутизм спектрі бұзылған және церебральды сал ауруына шалдыққан балалар білім алып, оңалту курсынан өте алады. Оқу орны 108 балаға арналған. Ал білім беру бағдарламасы медициналық және психологиялық қолдаумен үйлестірілген кешенді тәсілді басшылыққа ала отырып дайындалған.
Күндізгі уақытта жаңа мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар бейімделген жалпы білім беру бағдарламаларын меңгереді. Оларға логопед, дефектолог, емдік дене шынықтыру мамандары жеке сабақтар өткізеді. Бұдан бөлек балалар үшін шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары қарастырылған. Барлық оқыту және оңалту қызметтері тегін көрсетіледі. Мектеп мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істейді.
Лилия Мамбурова, «Bastau» ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектептің директоры:
Биыл мектебімізде ерекше білім беруді қажет ететін 85 оқушы білім алады. Бізде аутизм диагнозымен 65 бала және церебральды сал ауруымен ауыратын 7 бала бар.
Білім ошағы ерекше білімге мұқтаж балалары бар қаншама отбасына үміт сыйлады.
Дарья Соколова, ата-ана:
Өте тамаша мектеп ашылды, қуаныштымыз. Қаладағы жалғыз мектеп. Мұнда балалар білімде алады, логопедиялық қосымша сабақтарға да, дефектолог пен жаттығу терапиясына да қатысады. өте тамаша. Баланың күні бойы оқып, жаңа нәрсені үйренетіні өте жақсы.
Облыс орталығы үшін маңызды жобаға «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетті. Кәсіпорын арнайы жабдықтар мен заманауи үлгідегі жиһаз сатып алуға 22 миллион теңге бөлді.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Бұл арнайы балаларға арналған мамандандырылған мектептің жобасы. Күндізгі уақытта олар бейімделген білім беру бағдарламалары бойынша оқу оқып, сондай-ақ дамып, өмірге бейімделуге мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер, спорт секцияларына қатысады. «Қазцинк» компаниясы информатика кабинеті, спорт зал және басқа да кабинеттерге қажетті жабдықтар, мамандандырылған заманауи жиһаздар сатып алуға 22 миллион теңге көлемінде қаржы бөлді.
Бүгінгі таңда ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мұндай мектептер жай ғана білім беріп қоймайды, әр оқушының жан-жақты дамуына, бейімделуіне жағдай жасайды.
Оксана Коваленко, «Bastau» ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп директорының орынбасары:
Біздің мектепте 1сыныптан бастап 9 сыныпқа дейін оқушыларға білім беріледі. Бұл бір бағдарлама. 10-сынып үшін, басқа. Қазіргі таңда бізде оқу-тәрбие жұмысы жолға қойылған. 1, 2, 3, 4 сыныптар бар. Бізде 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар оқи алады. Бағдарламаны анықтау кезінде білім беру бағдарламалары ПМПК қорытындысын басшылыққа алады, осы ұсыныстардың негізінде біз сабақтарды қалыптастырамыз.
«Bastau» мектебі жүздеген отбасы үшін шынайы үміт отын сыйлаған орталыққа айналды. Ерекше қажеттілігі бар балаларға жаңа мүмкіндіктер беріледі. Білім алуға, өзін-өзі дамытуға және жаңа достар тауып өзара пікір алмасуға болады. Мұндағы баланың табысқа қарай басқан әр қадамы ұстаздар мен ата-аналардың ортақ жеңісі.
Салтанат Кеңесбекқызы