Өңірде жыл басынан бері экология саласына қатысты 86 заңбұзушылық тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов хабарлады. Сонымен қатар табиғатты қорғау жобаларының жүзеге асуы, бақылауды күшейту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесі баяндалды.

Департамент мамандары жыл басынан бері экологиялық ахуалға қатысты 33 тексеріс жүргізген. Олар шағын және орта бизнесті, ірі өндіріс орындарын қамтыды. Нәтижесінде заң талаптарын бұзғандарға 2 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынды.

Әсет Сүлейменов, Облыстық экология Департаменті басшысының м.а:

Жоспардан тыс тексеріспен 15 нысан қамтылды. 6 нысанда профилактикалық бақылау жүргізілді. Жарты жылда экологиялық заңнаманы бұзу бойынша 86 дерек тіркелді. Барлығына тиісті нұсқама берілді. кәсіпорындар табиғатты қорғауға бағытталған шараларға көлемді инвестиция салады. Кей жағдайда жоспардан тыс та қаржы бөлуге тура келеді.

Департамент өкілдерінің айтуынша, қаражаттың басым бөлігі ауа сапасын бақылауға жұмсалады. Себебі, бұл облыс орталығындағы өзекті мәселе болып отыр. Биыл қолайсыз метеорологиялық жағдай 63 рет тіркелген. Бақылауды күшейту үшін қазан айына дейін өңірге жылжымалы эко-зертхана жеткізіледі. Бұдан бөлек, әкімдік 15 бақылау бекеті мен бір станция орнатуды жоспарлап отыр. Экологиялық мәдениетке де айрықша көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде 33 мыңнан астам адам сенбілікке қатысып, 1020 тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ 47 мыңға жуық ағаш отырғызып, жылдық жоспардың 40%-ын орындаған.

Қымбат Иманғали