Өскеменде құрылыс салушылардың заңсыз әрекеттерінен 200-ден астам азамат зардап шеккен. Заңбұзушылықтар үлестік құрылыс саласында анықталып отыр. «ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы үлескерлердің қаражатын тартуды қатаң реттейді. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, барлық құрылыс компаниялары бұл талаптарды орындамайды» деп атап өтті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өзекті мәселе көтерілді. Үлестік құрылыста заңсыз әрекеттер жетерлік. Жер учаскесінің дұрыс белгіленбеуінен бастап, жобалық-сметалық құжаттамадағы олқылықтарға дейін анықталған. Облыс орталығындағы «Astoria», «Emeralds» және «Delux Town» тұрғын үй кешендерін салушылардың заңсыз әрекеттерінен екі жүзден астам азамат зардап шеккен. Коммерциялық құрылыс қарқынды дамып келе жатқан қалада әр нысан жіті тексеріледі деген ресми өкіл қазіргі статистикамен бөлісті.

Үлестік қатысу туралы заң талаптарын бұзған үшін 300 АЕК көлемінде «Ray Residense», «Park Line», «Renesans 3», «Tumar Towers», «Viva Park», «Кристал», «Grand Residense» тұрғын үй кешендерін салушыларға айыппұл салынды. «Royal Finance Group» және «Elit Stroy Group» ЖШС-тары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Негізгі бұзушылықтар үлескерлердің қаражатын заңсыз тартумен байланысты. Құрылысты бақылаушылар тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Жарқыраған баннерлер мен блогерлер сендірген жарнамалар да 100% кепілдік бермейді. Ең алдымен мердігер қолында құрылыстың жер учаскесін растайтын құжат қажет. Сонымен қатар, ЖАО растайтын эскиздік жоба, авторлық-техникалық құжат, мердігер туралы куәгерлік құжат міндетті түрде болу керек. Аталғанның бәрі болмаса, келісім заңсыз саналады. Кесірі сол, құрылыс тоқтап не заңбұзушылық анықталса, тұрғындар салған жарналарын қайтара алмай қалуы ықтимал.