Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов 19,20,21 шағын аудандардың тұрғындарымен кездесті. Кент тұрғындары облыс орталығының басшысына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, түйіткілді мәселелерді жіпке тізіп берді.

Кент тұрғындары Өскемен әкіміне жол, көшені жарықтандыру, қоғамдық көлік тасымалын қалпына келтіру сынды мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Әр салаға жауапты бөлім басшылары да кездесуге қатысты. Қала әкімі Алмат Ақышов халықпен кездесуде іске асырылатын жобаларға жеке-жеке тоқталды.

Жиында тұрғындар көкейтесті сұрақтарын жергілікті билік өкілдеріне жолдады. Өскемен әкімі Алмат Ақышов көтерілген мәселе орынды екенін айтып, салаға жауапты мамандарға орын алған олқылықты тез арада ретке келтіруді тапсырды.

Тұрғындар қордаланған мәселеге бей-жай қарамау керек деп отыр. Бұдан бөлек, Алмат Ақышов көктемгі судың жиналу мәселесін де тілге тиек етіп, жауаптыларға міндет жүктеді.

Жиын соңында облыс орталығының басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.