Тауар сатылымы мен қызмет көрсету нарығында тұтынушылардың құқығы жиі бұзылады. Өткен жылы аймақ тұрғындарынан тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне 920 өтініш түскен. Нәтижесінде 27 миллион теңгеден астам қаржы кері қайтарылған. Бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.
Тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда айналымында тіркелген. Бұл сапасыз тауарды айырбастау, мерзімі өткен өнімдерді сатып алған жағдайда ақшалай қаражатты қайтарып алуға қатысты шағымдар.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін республикалық жол картасы шеңберінде «Заречный», «Заря», «Орталық» сауда орындарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау көзделген. Сауда және интеграция министрлігі өткен жылы жергілікті өндірушілерді қолдауға, тұтынушыларды қорғауға және нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жобаны іске асырды. «Сапалы өнім» жобасы аясында 47 азық-түлік өнімінің құрамында бұзушылықтар анықталды.
Өтініштер санының өсуі халықтың құқықтық сауаттылығының артуымен байланысты. Заң бойынша дүкен сөрелеріндегі тауардың құны жазылып, ол кассадағы бағамен бірдей болуы тиіс. Ал бұл талап орындалмаған жағдайда, сатушы тауарды сөредегі бағамен есептеуге міндетті. Талап орындалмаса, кәсіпкерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін..