Кәсіптік білім беру орталығы демонстрациялық емтиханды өткізудің әдістемесі тақырыбында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде практикалық семинар өткізді. Семинарға техникалық және технологиялық бағытта жұмыс істейтін колледж директорларының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинардың мақсаты - демонстрациялық емтихандардың өткізу тәртібі және тапсырмаларды құрастыру әдістемесін зерделеу.

Демонстрациялық емтихан - ұйымдардың оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында өткізіледі. Сондай-ақ, кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында білім алушыға кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік береді.

Демонстрациялық емтихан сәтті тапсырған түлектер Құзыреттілік паспортын алады. Бұл дипломға қосымша, яғни кәсіби маманның электронды құжаты. Жұмыс берушілер түлектің қанша балл, қандай кәсіби дағдылары үшін алғанын көре алады. Бұл келешекте колледж түлегінің жұмысқа орналасуына оң ықпалын тигізеді.

Бұл емтихан екі бөлімнен тұрады. Теориялық білімге арналған алғашқы сынақта тест тапсырады. Ал демонстрациялық емтихан тәжірибе жүзінде өтеді. Практикалық емтиханның тапсырмалары «WorldSkills» байқауының талаптары негізінде жасалған. Практикалық тапсырмалардың белгіленген уақытта орындалуын және орындау сапасын колледждердің әлеуметтік серіктес-кәсіпорындарының бас мамандарынан құралған арнайы комиссия өкілдері тексеріп, бағалайды.