Әділет министрлігі азаматтарға көрсетілетін мемлекеттің қызметтерді цифрландыру мақсатында тың жобаны іске асырып жатыр. Цифрлық жоба құқықтық қызметтерді жеңіл әрі қолжетімді етті. Енді нотариустар, адвокаттар және сот орындаушыларымен тікелей кездесуді күтпей, мәселеңізді онлайн шешуге болады.Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Өткен жылы елдегі шалғай ауылдар мен аудандарда «Құқық кабинеті» жобасы іске қосылды. Жоба арқылы азаматтар өздеріне қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік алды. Мысалы, жыл басынан бері өңірдегі шалғай елді мекендерде осындай 116 кабинет ашылды. Олар мектептерде, балабақшаларда, ауылдық клубтарда және демалыс орталықтарында жұмыс істеп тұр.

Ал 2023 жылдың сәуір айынан бастап сенімхаттар, кеңестер мен ерлі-зайыптылардың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызмет онлайн форматқа көшті. Азаматтар бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ бейнеқоңырау арқылы онлайн түрде алуға мүмкіндіктері бар. Барлық жинақталған құжатты «Цифрлық құжаттар» сервисінде көруге болады.

Әділет департаменті аймақ тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу аясында «Әділет кеңес береді», «Тегін заң көмегі», «Ашық есік күндері» акцияларын өткізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, жастарға, мектеп оқушыларына арналған «Адам құқықтары және буллинг» тақырыбында дәріс өткізуді жоспарлап отыр.