Туғаннан саңырау балаларға күрделі отаны қазір отандық дәрігелер жасайды. Алайда елімізде соңғы жылдары тілі мүкіс, құлағы дұрыс естімейтін сәбилердің саны күрт көбейіп барады. Тек Шығыс Қазақстанның өзінде қазір 303 бала диспансерлік есепте тұр. Ал баласына ота жасатып кохлеарлы имплант қойдырған ата-аналарды елде арнайы оңалату орталығы мен кәсіби сурдопедагог мамандардың жоқтығы алаңдатып отыр.

Әрбір әріпті ежіктеп оқып отырған Аделина екі құлағы да саңырау болып туған.Үш жасқа толғанда ата-анасы шет елде 10 миллион теңгеге ота жасатып, кохлеарлы имплант қойдырады. Қазір денсаулығы оңалып келеді.

Өскемендегі университетте сурдопедагог даярлайды. Алайда диплом алған жас мамандардың бұл салада еңбек ететіні ілеуде біреу. Өйткені бір балаға, бір дыбысты құлағына толық сіңіріп, оған тілін келтіруге қыруар еңбек пен темірдей төзім қажет.

Айкүн Аянабаева жоғарғы оқу орнында сурдопедагог мамандығын алған соң Ресейде арнайы курс оқыған. Қазір екі тілде сабақ бере алатын Өскемендегі жалғыз маман. Алайда жас маманды мемлекеттік тілде жазылған методиканың жоқтығы қынжылтады.

Ең қажетті маман болса да, оларды даярлаудың әлі толық методикасы жоқ. Ал құлағына ота жасалып имплант құрылғысы қойылған балалардың ата-анасы қызметі қанша қымбат болса да ақылы сурдопедагогтарға жүгінеді. Арнайы мамандардың бір рет сабақ беруі қазір 5 мыңнан 55 мың теңге аралығында.

Дәрігерлер соңғы жылдары нәрестелердің құрсақтан саңырау туатынына алаңдаулы. Дегенмен күрделі отаны қазір отандық мамандар жасайды. Саны да көбейіп келеді.

Көп адаммен сөйлескен сайын баланың есту қабілеті қалыптасып, тілі де жаттыға береді. Сондықтан мамандар оңлату орталықтары мен сурдо мамандарға арналған методиканы мемлекет дереу қолға алу керек деп отыр.